***
«Кеше елордада еліміздің агроөнеркәсіп кешені жетістіктерінің VI республикалық «Қараөткел-2012» жәрмеңкесі ашылды. «Метро» сауда орталығы аумағында жұртшылықты қауыштырып отырған аталған көрменің ашылу салтанатына Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қатысты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. «Халқының жартысына жуығы ауылда тұратын Қазақстан үшін агроөнеркәсіптік кешен экономиканың ең маңызды саласы болып табылады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қамқорлығы арқасында Қазақстан ауылшаруашылығы дамыған әлемдік державалардың қатарына қосылды. Оған бүгінгі жәрмеңкедегі өнімдер куә. Жәрмеңке мамандардың өзара қарым-қатынасына, аймақаралық байланыстардың нығаюына, тауар айналымының өсуіне зор ықпал етеді», - деп атап өтті Үкімет басшысы ашылу салтанатында.
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында ақын, жыршы, өнертанушы Жұмабай Есекеевпен арадағы сұхбат «Ұлттық өнердің кешенді насихатын ойластыруымыз керек» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ақын: «Тыңдарманның талғамы өссе, өнерпаздар да соған сай деңгейі көтеріледі. Бүкіл әлемде теңдесі жоқ ән өнерімізді бұрмаламай, саф қалпында сақтаудың механизмі жолға қойылу керек. Концертке шығатын өнерпаздар көркемдік кеңестің сын сүзгісінен өтсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен қатар, қазақ өнерпаздары тізе қосып жұмыс істесе, көптеген асуларды бағындырары сөзсіз, жұмыстарында да береке болады. Тарыдай шашылып жүріп, әркім әрқалай тартқаннан ешкім ұтпайды, керісінше, одан ұлттық өнер мен халық ұтылады», - дейді.
***
Соңғы уақытта Қазақстанда мемлекеттік тілді кириллицадан латын әліпбиіне көшіру туралы мәселе жан-жақты талқылануда. Шындығына келгенде, ел арасында латын әліпбиіне көшуді қолдайтындар да, қарсылық білдірушілер де табылуда. Егер өткенге көз жіберсек, қазақ халқының жазба өнері өзінің тарихында үш кезеңді (бастапқыда - араб жазуы, одан соң - латын әліпбиі, ақыр соңында - кириллица) басынан өткерген. Осы ретте «Айқын» газеті ел тұрғындарын толғандырып отырған маңызды мәселе туралы зиялы қауым өкілдерінің пікірлерін білген. Олар «Латын қарпіне көшуге асықпауымыздың сыры неде?» деген тақырыппен беріліп отыр.
***
«Осыдан 7 жыл бұрын Ертіс өзенінде бір көрініп жоқ болып кеткен алып балық тағы да белгі берді. Сондықтан да суға шомылар алдын 100 рет ойланып алыңыз», -деп жазады «Время» газеті. Басылымның атап өтуінше, 2005 жылы балықшылардың бірі өзеннен ұзындығы кемінде 5 метр болатын алып балықты көрген. Тіпті ол ауызын апандай ашып, балықшыға тап берген де екен. Сәл кейінірек бұл деректі Семейдің төтенше жағдайлар басқармасының бұрынғы бастығы Қажыбек Исабаев та растаған еді. Міне осы ізі суып бара жатқан оқиға қайта көтерілді. Жайынға ұқсас балықты Семей тұрғыны да көрген. Семей қаласының суда-құтқару қызметінің әдіскері Тасболат Көшкімбаев қала тұрғындарын суда түскенде барынша абай болуға шақыруда. Өйткен ол жыртқыш балық болу да мүмкін.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, ағымдағы жылы бүкіл әлемдік қоғамдастық мерейтойын атап өтетін Л. Гумилевтің есімі Шығыс Қазақстандағы атаусыз шыңдардың біріне берілді. Алтай тауының шыңдарының біріне ғалымның атын беру бастамасын Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов көтерген.
***
«Алматыда Қазмемцирк директорының орынбасары қызметіне сайқымазақ Мұрат Мұтырғановтың тағайындалуы төңірегінде дау туындады. Оның әріптестері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хат жолдаған. Онда 28 жастағы әртістің ел заңнамасын, оның ішінде «Жемқорлықпен күрес» Заңын өрескел бұза отырып, басшылық қызметке тағайындалғандығы айтылған», - деп жазады «Время» газеті. Мақала «Без всяких фокусов» деген тақырыппен берілген.