Латын тілі - жұртқа ортақ ғылым тілі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Осы заманғы ғылым - Еуропа ғылымы, барлық Еуропа ғылымында қолданылатын тіл - латын тілі. Сондықтан латын тілі - жұртқа ортақ ғылым тілі болып саналады. Ғылым атаулы латынша айтса, француз да, неміс те, жапон да, ағылшын да түсінеді. Латын тілі, латын сөзі бізге жат болса да, қашуға болмайды. Бұл заманда ғылым іздеп, қатарға кірем деген халық латын сөздерінен қаша алмайды». Бұл қанатты сөзді осыдан бір ғасыр бұрын Алаш арыстарының бірі Халел Досмұхамедұлы айтқаны мәлім.

Қазақтың қамын жеген біртуар ұлының сол замандағы айтқан сөзі бүгінгі күні шындыққа айналып отыр. «Халекеңнің осы айтқан сөзі бәрімізге де айтылған ортақ тұжырым, ортақ ақыл екенін түсінгеніміз жөн»,- дейді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамының басқарма төрағасы Б. Төлеуғалиев. «Әліпби - ұлттық жазудың негізі, ана тіліміздің терең табиғатын, ұлттық ерекшелігі мен дыбысталу заңдылығын сақтап, тілдің дамуын жетілдіре түсетін маңызды құрал, ұлттық бірегейліктің пәрменді құрауышы. Тіл арқылы халықтың сан ғасырлық тарихы, ой-санасы, салт-дәстүрі, менталитеті жинақталып, сақталып, келер ұрпаққа жететінін ескерсек, тіл мен жазудың етене бірлігі ұлттық дамудың аса маңызды көрсеткіші болатыны түсінікті. Айналасы бір ғасырға жетпейтін уақыт аралығында араб, латын және кирилл әліпбиін пайдаланып, жазу тарихы әлденеше рет өзгерістерге ұшыраған қазақ халқы мұның зардаптарын көріп келді»,- дейді ол.

Төрағаның айтуынша, осыдан бір ғасыр бұрын Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Құдайберген Жұбанов сияқты Алаш арыстарының ұлттық тілімізді сақтау жайындағы ғылыми негізделген тұжырымдарын бүгінгі күн тұрғысынан жүзеге асырып, рухани жаңғыруымызға енді ғана мүмкіндік туды. - Сондықтан, Елбасымыздың рухани жаңғыруымыздың басты бір көрсеткіші ретінде латын әліпбиіне көшуді атап көрсетуі - дер кезінде көтерілген, кезек күттірмейтін өзекті мәселе деп білеміз. Демек, латын жазуына көшудің қазақ халқының ұлттық кодына қатысты қарастырылуы заңды болмақ,- деген ойын айтты Б. Төлеуғалиев.

Оның пайымынша, латын әліпбиіне көшу туралы мәселе біздің қоғамда негізінен қолдау тапты. Әрине қарсылар да жоқ емес. «Әйтсе де, зиялы қауым бастап халқымыз бұл мәселенің маңызын түсінетініне сенеміз. Сондықтан күн тәртібіне «Латынға көшеміз бе, жоқ па?» деген сұрақ емес, «Латыншаға қалай көшеміз?» деген сұрақ қойылуы керек»,- деп сөзін түйіндеді ол.

«Ирныхас» - «Осетия кеңесі» осетин мәдени және ағарту орталығы» этномәдени бірлестігінің төрағасы Қазбек Мамсуровтың пікірінше, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қолға алған реформалардың еліміздің келешегі үшін маңызы зор. «Бұл - елдің ертеңіне деген көзқарас. Елбасының сөзінен естігеніміздей, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру қажеттілігі жаһандық интеграция үдерістерінің және ақпарат алмасудың жеделдігінен туындап отыр. Латын жазуына көшетін болсақ, қазіргі заманға сай ғылыми және техникалық ақпаратты жедел аламыз, мұндай ақпарат әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылған Қазақстанды дамыту үшін керек»,- дейді төраға.

Оның түсінігі бойынша, Елбасының қазақ тіліне жүргізетін реформасы орыс тілінен толық бас тарту дегенді білдірмейді. Сол себептен қазақстандық қоғамның алдында тұрған актуалды міндеттерді шешуде бұрынғыша орыс тілі де тең қолданыла береді. «Еліміздегі орыс тілінде білім беретін мекемелерде кирил жазуын қолдану бұрынғыша қала береді. Ал латын тілі тек қазақша оқытылатын пәндерге қатысты енгізіледі»,- деп түсіндірді Қазбек Мамсуров.