Лауазымды тұлғаларға жер заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Жерді пайдалану мен қорғау мәселелері бойынша Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексіне қандай өзгерістер енетінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықты жеке ауладағы жайылым жерлерімен қанағаттандыру мақсатында 2022 жылы жергілікті атқарушы органдар бірнеше шара жүргізді, іргелес жатқан бос жерлерді елді мекендер жеріне қосу арқылы шекаралары 421,2 мың гектарға кеңейтілді. Бос жатқан жерлерден 2,4 миллион гектар жергілікті тұрғындарға қайта бөлінді, 22,7 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптары жайылымға ауыстырылды. 325,5 мың гектар халықтың жайылымдарға қажеттілігін қанағаттандыру үшін алынды және 1,2 миллион гектар жер резервке қойылды», - деді Е. Қарашөкеев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі мемлекеттік бақылауды жетілдіру жұмыстарын жалғастыруда. Мәселен, министрліктің бастамасымен жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу жөніндегі Заң жобасы әзірленді. Ол ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында және биылғы 18 қаңтарда екінші оқылымға шығарылады.

«Заң жобасы бірқатар елеулі түзетулер енгізуді көздейді: жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарының жер заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілігін күшейту; меншігінде жайылымдық және шабындық алқаптары бар адамның елді мекен жерлерінде заңсыз шөп шабу және мал жаю мәселесі бойынша жауапкершіліктерін белгілеу және басқалары. Министрлік осы түзетулерді жарты жылда қабылдау үшін барынша күш салуда», - деді Е. Қарашөкеев.

Айта кетейік, Қазақстанның 15 облысында мал жаю үшін 8,9 млн гектар жер жетіспейді. Бұл көбінесе жеке қосалқы шаруашылықтарда мал санының айтарлықтай өсуіне байланысты.

Өткен жылы пайдаланылмай жатқан 5,2 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды, 2023 жылдың соңына дейін тағы 5 млн гектар жерге шара қолданылады.

Сондай-ақ Қазақстанда жер пайдаланушылардың немқұрайлығынан 90 млн гектар аумақ эрозияға ұшырады және оның 29,3 млн гектары іске жарамсыз.