Лаура Есенкелді бокстан әлем кубогында ширек финалға шықты

АСТАНА. KAZINFORM - Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан әлем кубогының екінші күні, 16 маусымда қазақстандық Лаура Есенкелді (70 келі) 1/8 финалға шықты.

Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Отандасымыз 1/8 финалда испаниялық Униа Мартинез Маспен қолғап түйістірді. Қазақстан чемпионы әлемдік жарыста 70 келіде алғаш рет жұдырықтасып отыр. Соған қарамастан ол қарсыласын еш қиындықсыз жеңіп, барлық раундты өз еншісіне жазды. Есеп: 5:0.

Енді ел құрамасынан Нұрбек Оралбай (90 келі) шаршы алаңға шығады. Қарсыласы - өзбекстандық Тұрабек Хабибуллаев.

Айта кетсек, бүгін ел құрамасынан Санатәлі Төлтаев (65 келі), Тимур Нұрсейітов (75 келі), Назым Қызайбай (54 келі) жарыстың келесі сатысына шықса, Тимур Қабдешев (55 келі) қарсыласына есе жіберіп қойды.

Еске салсақ, 15 маусымда әлем кубогы екінші кезеңінде ел құрамасынан Сабыржан Аққалықов (80 келі), Нұрбек Оралбай (90 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары), Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Өкінішке қарай, ел құрамасынан Наталья Богданова (75 келі) қарсыласына есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.