Лавров пен Керри Сирия жөніндегі жоспарды келісті

АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ресей мен АҚШ Сириядағы химиялық қаруға халықаралық бақылау орнату жоспарын келісті, деп хабарлады Лента.ру.

Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров бүгін Женевада өткен келіссөздердің қорытындылары бойынша мәлімдеді. Сыртқы саясат ведомстволары басшыларының бірлескен баспасөз мәслихаты "Ресей-24" телеарнасы бойынша тікелей эфирде берілді.

"АҚШ пен Ресей сириялық химиялық қаруды жоюға қол жеткізуге және оны барынша қауіпсіз етуге батыл ниетті. Сирия бір аптаның ішінде осы қарудың барлық тізімін беруге тиісті", деп хабарлады Керри. Оның айтуынша, тараптар Асад режиміндегі химиялық қарулардың көлемі мен түрін бағалауда ортақ тоқтамға келді.

Жоспар бойынша, химиялық қару жөніндегі халықаралық инспекторлар Сирия аумағына 2013 жылғы қарашадан кешікпей келуі тиіс. Сириялық арсеналды жою 2014 жылдың ортасына қарай жоспарланып отыр. Оны жоюдың практикалық мәсеелерін Химиялық қару жөніндегі Ұйым шешеді. Бұл үдерісті қаржыландыруға халықаралық донорлар тартылады.

Лавровтың айтуынша, жоспарды жүзеге асыру Сирияға әскери соққы беруге тоқтау салады. Ол Мәскеу мен Вашингтон проблеманы саяси реттеуді жақтайтынын мәлім етті. Соынмен қатар, Керри егер Сирия міндттемелерін орындамаған жағдайда, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде АҚШ пен РФ басшылары қатаң қарар жобасын жасауға келісті, деп атап өтті. Оның айтуынша, хииялық қаруды қолдануға кінәлілерге нақты шаралар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде қосымша талқыланатын болады.

Сирияда химиялық қару қолданылғаны 21 тамызда белгілі болды. Белгісіз газбен улану салдарынан Дамаск маңында кемінде 1400 адам қазаға ұшырады. Сирия билігі мен көтерілісшілер бүл кінәні бір-біріне жапты. Көп ұзамай уландыратын газды билік қолданған деген сенімдегі АҚШ Сирияға соққы беретіні туралы жариялады. Алайда Ресей химиялық қаруды халықаралық бақылауға беру, ал қарудың өзін жою жөнінде бастама көтерді. Дамаск бұл шартқа келісті, содан кейін АҚШ Конгресі күш қолданудың қажеттілігін белгісіз уақытқа кейінге қалдырды.