Лавров Сирия қақтығысын реттеудегі Астана процесіне баға берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Сириядағы шиеленісті ретке келтірудегі Астана процесінің маңыздылығына баға берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.



«Гарант ретінде танылған үш мемлекет пен ұйымдастырушы ел болып отырған Қазақстан, Сирияның оппозициялық тарапы, АҚШ және Иорданияның бақылаушылары бас қосқан бұл форматтағы процестің маңыздылығы ерекше. Бақылаушы елдердің қатары арта берсе бұл да пайдасыз болмас еді деп есептейміз. Бұл тұрғыда талқылауға қашан да ашықпыз. Әлбетте, процеске қатысушы елдердің барлығының келісімі болуы керек. Бірақ бұл процеске қатыспай-ақ көптеген елдер шиеленістің шешілуіне үлесін қосып келеді. Мәселен, Сирия елінің оппозициялық қарулы күштерінің үкіметпен Астанада  жұмыс атқара бастағаны Женева процесіне әсерін берді», - дейді РФ Сыртқы істер министрі.

 

Сергей Лавровтың айтуынша, Сириядағы оппозициялық күш бертінге дейін үкіметпен бетпе-бет жұмыс істеуден бас тартып келген.

«Астана тікелей диалог мазмұнындағы формасымен Женева процесіне әсерін тигізді. Содан бері Сауд Арабиясы бізге көмектесіп, елдегі оппозиция топтарын біріктіруді қолға алды. Бұл бағытта біздің мысырлық әріптестеріміз де бірсыпыра жұмыстарды атқарып жатыр. Олар екі дэескалация аумағын қамту тұрғысынан үлкен септігін тигізді. Каирдегі байланыстар бұл аумақтардың барлық параметрлері бойынша келіссөздер жасауға мүмкіндік берді. Сондықтан Астана процесіне қатыспаса да, бірқатар елдер ол оның сәтті аяқталуына көмек қолын созып жатыр», - дейді Лавров.

 

Айта кетерлігі, бүгін Астанаға сапармен келген  Сергей Лавров қазақстандық әріптесімен кездесіп, бірқатар келісімдерге келді. Ресей СІМ басшысы өз кезегінде ҚР және РФ президенттері келесі аптада Сочиде кездесуді жоспарлап отырғанын мәлім еткен болатын.