Лай астында қалған адамдарды іздеу жұмысы қайта жалғасты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шри-Ланкада лай көшкінінің астында қалған адамдарды іздеу жұмысы қайта жаңғырды. Бұл операцияға жарты мыңнан астам маман тартылған, деп жазады 24.kz.

Дегенмен, жергілікті билік өкілдері көшкін астында көміліп қалған адамдарды тірідей табу мүмкін емес деп отыр. Шенеуніктердің пікірінше, құрбандар саны жүзден асуы мүмкін. Олар елді мекенге биіктігі 3 мың метрлік жар құлаған кезде мектепте болған.

Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға 29 қазанда Бадулла округінде болған еді. Сол кезде нөсер жаңбырдан кейін лай көшкінінің қайталану қаупі төнген соң іздеу жұмыстары уақытша тоқтатылған болатын. Табиғи апат 120 ғимараттты жермен-жексен етіп, тасжолдар мен шай алқаптарын шайып кеткен.