Лайық емес сарбаздарға сержанттық құрамның шендерін беруді тоқтату керек - ҚР Қорғаныс министрі Ә. Жақсыбеков

АСТАНА. 23 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков сержанттардың кеңейтілген құрамының Бүкілармиялық кеңесінде қатардағы сарбаздарды командалық лауазымға тағайындауды және оған лайық емес сарбаздарға сержанттық құрамның шендерін беруді тоқтату керектігін мәлім етті.

Оның айтуынша, сержанттық құрамның жұмысын жетілдіру үшін сержанттық құрам лауазымдарын сапалы және жоғары жасақтауды қамтамасыз етуге ден қою қажет.

«Кіші командирлердің кәсіби біліктілігіне әскердің жауынгерлік даярлығы тәуелді. Дайын емес әскери қызметшілерді, қатардағы сарбаздарды командалық лауазымға тағайындауды және берілуге тиісті емес тұлғаларға сержанттық құрамның шендерін беруді болдырмау қажет. Мұндай тәжірибені тоқтату керек», - деп атап көрсеткен министр, сержанттық корпус ең алдымен өздеріне, кәсіби даярлық деңгейіне және әскери тәртіпке көңіл бөлуі тиістігін алға тартты.

«Кәсіби сержанттық корпус ТМД елдерінде бірінші болып біздің елде құрылды. Сондықтан сіздердің орындарыңыз ерекше. Бүгін аталмыш кеңес алғаш рет өткізіліп отыр. Сіздер жеке құраммен жұмыс істейсіздер. Армияда тәртіп пен жауынгерлік даярлық деңгейі, әскерде техникалық қару-жарақтың жағдайы сіздердің жұмыстарыңызға тікелей байланысты. Қазіргі таңда Қарулы Күштер Жоғарғы Қолбасшымыз Н.Ә.Назарбаевтың көмегі арқасында биік деңгейге жетті», - дейді Ә. Жақсыбеков.

Сержанттардың кеңейтілген құрамының Бүкілармиялық кеңесінде соңғы жылдарда қордаланып қалған мәселелерді шешу жолдары талқыланды. Бүкілармиялық сержанттар кеңесі әскердегі осы тектес ұйымдардың ішіндегі ең басты органы. Қазақстан Қарулы Күштерінде ротадан бастап, әртүрлі буындағы барлығы 915 сержанттар кеңесі құрамы бар.