Бұл туралы бүгін Астана қаласы әкімінің халықпен өткен есептік кездесуі барысында мәлім болды. Иманғали Тасмағамбетовке үлестік қатысумен бірнеше пәтерге ақшасын салып, алданып қалған азаматша сауалын жолдап, неліктен оған тиесілі пәтерлердің орнына бір ғана пәтер берілетіндігіне налыды.
Өз кезегінде И.Тасмағамбетов: «Елбасы экономиканың қиын кезеңіне қарамастан жағдайға еніп, қаламызда тұралап қалған құрылыстарды аяқтауға қаражат бөлді. Жалпы алғанда соңғы үш жылда 227 нысанның құрылысын аяқтауға 130 млрд. теңге бөлінді. Бұл 1 млрд.-қа жуық АҚШ доллары. Мемлекет қиын жағдайға түскендерге және бір ғана баспанасы барларға көмектесіп жатқандығы түсінікті. Бірақ екі және одан көп пәтерлілердің проблемасын мемлекет шешпейтіндігі әу-баста айтылды. Бізде «Лайықты баспана үшін» қозғалысының мүшелері аштық жариялаған болатын. Олар кейін жалпы жиналыста мемлекеттің әлеуметтік қолдауына мұқтаждардың тізіміне енгізілді. Олар бірінші кезекте мемлекеттің есебінен құрылысы аяқталып жатқан нысандардан 1 пәтермен қамтамасыз етілуі тиіс болды. Олар тізімге тұратын жерлері болмаған соң енгізілді», - деді әкім.
Бірақ кейін анықталғандай, олардың басым денінде Астана мен өзге өңірлерде бірнеше пәтерден бар болып шыққан. И.Тасмағамбетов қолында бар мәліметтерге сүйеніп, олардың бірнешеуінің аты-жөндерін жария етті.
«Бастарыңызға жағдай түскенде мемлекет сіздерге көмектесетіндігін, бірақ бір ғана пәтер беретіндігін ашып айтты. Қалғанын алдап кеткен адамдардан сот арқылы өндіріп алыңыздар. Сіздер мүлдем баспанасыз қалар едіңіздер. Оның үстіне, бұл істе алыпсатарлар жетерлік болып шықты», - деді ол.