«Лазурный квартал» ТК: Әкімдік өрттен зардап шеккендерге көмектеседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімдігі «Лазурный квартал» ТК-да болған өрттен зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің тапсырмасына сәйкес, «Есіл» ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері оқиға орнына барды. Зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетіліп, өртеніп кеткен барлық құжаттарды қалпына келтіріледі», - деді әкімдіктен.

Белгілі болғандай, BI-Group құрылыс компаниясымен өткен келіссөздерден кейін үйді салушылар аталған пәтерлерге жөндеу жұмыстарын  жүргізіп бермек.  Сонымен бірге, пәтер иесі Жәнібек Мәмбетовты жұмысқа тұрғызу мәселесі қарастырылуда.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, аудандық әкімдік Мәмбетовтар отбасына азық-түлік пен өзге де қажеттіліктерді жинап беру жұмысын ұйымдастырады.  Осыған қатысты ақпараттар қосымша хабарланады..

Еске сала кетсек, бұған дейін өрт салдарынан «Лазурный квартал» ТК-дағы пәтерлер күрделі жағдайда қалғаны туралы ақпарат тараған болатын.