Ләззат Шыңғысбаева орфандық ауруларды емдеуге қатысты проблеманы атады
АСТАНА. KAZINFORM — Сирек кездесетін ауруларды емдеуге жеткізілген дәрі-дәрмекке дәрігерлер жауапкершілікпен қарауы тиіс. Бұл туралы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева мәлім етті.
Қор бағдарламасында Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында мемлекет ұсынбайтын сирек (орфандық аурулар) және ауыр аурулары бар азаматтарды қымбат, заманауи, инновациялық және тіркелмеген дәрілік заттармен қамтамасыз ету ескерілген. Екінші бағыт бойынша онкологиялық және онкогематологиялық аурулары бар науқастарға препараттар жеткізу қарастырылған.
- Осы екі бағытта біз дәрі-дәрмек алып жатырмыз. Онкология бойынша елімізде мемлекет бекіткен бағдарлама бар. Жалпы Қазақстан бойынша онкология саласын дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Бұл жерде «Қазақстан халқына» қоры үш пункт аясында қатысады. Біріншісі – құрал-жабдықтар, екіншісі – дәрі-дәрмек, үшіншісі – қазір осы салада жұмыс істеп жүрген мықты мамандарды шетелдің озық оқу орындарында оқыту. Атап айтқанда, осы қадамдарды қазір жүзеге асырып жатырмыз, - деді Л. Шыңғысбаева «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасында.
Жұмыстың маңызды бағыты ауыр және орфандық аурулары бар пациенттер үшін дәрілік препараттарды сатып алуға арналған. Қор үш жылда 490 адамға 64 млрд теңге сомасына дәрілік заттарды сатып алды.
- Осы салада біршама өзгеріс енгізіп жатырмыз. Бұл науқастар еліміздің өңірлерінде тұрады. Дәрі-дәрмек мәселесі тек қана денсаулық сақтау жүйесінің ішінде болуы керек. Қоғамдық қор сатып алып жатқан дәрі денсаулық сақтау жүйесінің сыртында қалып қойып отыр. Мәселен, дәрінің қаражатын біз төлесек, осы препарат өңірлерге жеткізіледі. Осы дәріні жергілікті денсаулық сақтау басқармасы медициналық ұйымдарға таратады. Кейбірі қайырымдылық қаражатына алынған препараттарға бей-жай қарайды деген күмән бар, яғни сұрауы жоқ зат ретінде қарауы мүмкін. Мұндай көзқарас дұрыс емес. Нақты айтқанда, бізге көптеген науқас хабарласып, жеткізілген дәрі-дәрмекті қалай пайдалану керек екенін білмейтінін мәлімдеді. Біздің қоғамдық қор медициналық ұйым емес қой?! Біз тек қана келісімшартқа отырып, препараттарға қажет қаражатты аударамыз. Ары қарай осы дәріні ем-домға пайдалану жағын дәрігерлер реттеуі тиіс. Орфандық ауруларға арналған дәрі-дәрмек өте қымбат екенін түсіну керек, яғни қатаң бақылауда болуы қажет, - деді Ләззат Шыңғысбаева.
Айта кетейік, Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры (ҚӘҚ) құрылды.
Еске салсақ, биыл қаңтар айында «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорын үш жыл бойы басқарған Болат Жәмішев қызметінен кетті.
Ол бұл қызметке 2022 жылдың қаңтарында тағайындалған еді. Басқарма төрағасы болып сайланған өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты Б. Жәмішев Қордағы жұмысын аяқтау туралы шешім қабылдады.