Ләззат Танысбай телевизия мамандары ғаламторды өз өнімдерімізді кең аудиторияға жеткізудің қосымша құралы ретінде қарастырып отырғанын атап өтті.
«Ғаламтордың дамуымен бірге телеөнімге қол жеткізудің мүмкіндіктері артты. Мәселен, Youtube интернет-платформасында ең көп қаралым жинайтын телевизиялық жобалар екенін айта кеткен жөн. Соңғы 90 күнде Youtube-тағы танымал жобалардың үздік жиырмалығын отандық телеарналардың контенті құрап отыр. «QAZAQSTAN» арналарын алатын болсақ, интернеттегі аудиториямыздың саны 6 млн-ға жуықтап қалды. Youtube жазылушылар саны – 4,5 млн. Яғни, бұл – күнделікті дәстүрлі телеаудиториядан бөлек, біздің өнімдерімізді қосымша тұтынатын көрермен», – деді Ләззат Танысбай.
TNSGallupMedia компаниясының деректері бойынша пандемия кезінде аудитория нақты ақпаратты телеарна жаңалықтарынан іздеген. Респонденттердің 52%-ы дәстүрлі медианы, оның ішінде телевизияны ең сенімді ақпарат көзі ретінде таңдаған. Аталған кезеңде теледидар көру белсенділігі Қазақстанда 22% -ға артты.
Сонымен қатар, телеарналарда кейінгі кезде тікелей эфир форматына басымдық беріліп жатқаны сөз болды.