Алматы маңында жүрген ілбіске спутниктік қарғыбау тағылды

Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

АСТАНА. KAZINFORM – Жануарға спутниктік қарғыбау орнатылып, денсаулық жағдайын бағалау және мүмкін болатын ауруларды жоққа шығару үшін қажетті биоматериалдар алынды. 

Жақында Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында, Алматы қаласының әкімшілік шекаралары шегінде орналасқан Үлкен Алматы шатқалында ілбіс автожолға жақын жерде маралды аулап ұстаған. Бұл халық жиі демалатын орын болғандықтан, жемтігін жеп жатқан жыртқышты адамдар тез байқап үлгерген. Ақпарат әлеуметтік желілерде лезде тарап, келесі күні бұл жерге келушілер саны арта түскен.

Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

Ұлттық парк қызметкерлері мен ғалымдардың түсіндіргеніне қарамастан, көп адам жабайы аңға тым жақын дрон ұшырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы жүріс-тұрыс қағидаларын бұзған.

— Көпшілік оның Қызыл кітапқа енгізілген сирек кездесетін түр екенін және өз олжасын қорғап тұрған әлеуетті қауіпті жыртқыш екенін ескермеді. Мұндай әрекеттер жануар үшін айтарлықтай күйзеліс тудырып, адамдардың қауіпсіздігіне де қатер келтірді.

Ілбісті қорғау және ықтимал жағымсыз салдардың алдын алу мақсатында мамандар оны уақытша аулау туралы шешім қабылдады. Жануарға спутниктік қарғыбау орнатылып, денсаулық жағдайын бағалау және мүмкін болатын ауруларды жоққа шығару үшін қажетті биоматериалдар алынды. Барлық рәсім қысқа мерзімді наркоз жағдайында, халықаралық ветеринариялық және этикалық стандарттарды қатаң сақтай отырып, кәсіби мамандар тобы тарапынан жүргізілді, — делінген хабарламада.

Спутниктік қарғыбау Зоология институтының мамандарының, Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркі қызметкерлерінің, Алматы зообағының және «Snow Leopard Foundation» қоры сарапшыларының қатысуымен орнатылды.

Фото:Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

Спутниктік қарғыбау мынадай мүмкіндіктер береді:

  • Алматы қаласы сияқты ірі елді мекенге жақын аумақта қар барысының қозғалысын бақылау;
  • жануар қауіпті аймаққа жақындаған жағдайда жедел әрекет ету;
  • адам мен жабайы табиғат арасындағы қақтығыстардың алдын алу;
  • сирек кездесетін жыртқышты қосымша қорғау.

Айта кету керек, орнатылған қарғыбау төтенше жағдай анықталған жағдайда қашықтан ажырату функциясымен жабдықталған. Сонымен қатар, автоматты түрде босау механизмі бар: бір–екі жыл ішінде қарғыбау жануардан өздігінен ажырайды.

Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

— Зертханалық талдау нәтижелері бойынша ілбістің толықтай сау екені және ешқандай ауруға шалдықпағаны анықталды. Қазіргі уақытта жыртқыш аталған аумақтан қауіпсіз түрде кетіп, өзіне тән табиғи аумаққа жіберілді. Дегенмен, бұл оқиғаға деген қызығушылық әлі де сақталып отыр. Осыған байланысты баршаңызды таулы аймақтарда белгіленген ережелерді сақтауға, жабайы табиғатты құрметтеуге және адам қауіпсіздігі мен сирек кездесетін түрлерді сақтау әрқайсымыздың жауапкершілігімізге тікелей байланысты екенін ұмытпауға шақырамыз, — делінген Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті хабарламасында. 

Айта кетелік фотограф Алматы тауларында ілбістің аң аулаған сәтін түсіріп алған еді