Ілбістер тұран жолбарысының тағдырын қайталауы мүмкін – Экология министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда ілбістердің азаюына аңшылар мен малшылардан бөлек жер қойнауын игерушілер де «үлес қосып» жатыр. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Kazinform сауалына жолдаған жауабында осындай мәлімет айтылған.
- Ілбіс популяциясының өсуіне негізгі кедергілер – браконьерлік, малшылармен қақтығыстар, мекендеу ортасының бұзылуы, тұяқты жануарлар санының қысқаруы, инфрақұрылымдық жобалар, урбанизация және пайдалы қазбаларды өндіру. Жыл сайын Қазақстанда адамның тікелей ықпалы салдарынан 3–5 ілбіс қырылып жатыр, - деп жазады ведомство мамандары.
Ведомстводағылар ілбістерді қорғау шараларын жетілдірмесе, сирек жануар тұран жолбарыстарының тағдырын қайталауы мүмкін деп отыр.
- Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, климаттың өзгеруі мен әлемдік популяцияның азаюы салдарынан ілбістің Қазақстан аумағында жойылу қаупі әлі де жоғары. Егер қорғау шаралары жеткіліксіз болса, популяция одан әрі азайып, бұл түрдің жойылып кету қаупін тудыруы мүмкін. Мұндай жағдай бұрын тұран жолбарысы сияқты ірі жыртқыштардың жойылуына әкелген болатын, - делінген ресми мәліметте.
Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайдағы Ұлттық құрылтайда ілбістерді сақтап, санын көбейту керектігін айтқан еді.