Түркия тұрғындарының басым бөлігі өздерін бақыттылар санатына жатқызады

Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM — Түркияда субъективті бақыт деңгейі 53,3%-ға дейін өсті. Алайда қоғамды алаңдататын басты мәселе – бағаның қымбаттауы. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі хабарлады.

Türkiye İstatistik Kurumu (TÜİK) жариялаған «Өмірге қанағаттану – 2025» зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, 18 жастан асқан тұрғындардың 53,3%-ы өздерін бақыттымын деп атаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,7 пайыздық тармаққа жоғары (49,6%-дан 53,3%-ға дейін). Ал өзін бақытсыз санайтындар үлесі 14,5%-дан 13%-ға дейін азайған.

Әйелдер ерлерге қарағанда бақыттырақ

Гендерлік айырмашылық сақталып отыр: ерлердің 51,4%-ы өзін бақытты санаса, әйелдер арасында бұл көрсеткіш 55,1%-ды құраған. Яғни әйелдердің субъективті әл-ауқат деңгейі жоғары.

Ең үлкен өсім – 55–65 жас аралығында

Барлық жас топтарында оң динамика байқалады. Ең жоғары өсім 55–65 жас аралығындағы азаматтар арасында тіркелген: бұл санатта бақыт деңгейі 47,5%-дан 54,6%-ға дейін артқан.

Басқа жас топтарындағы көрсеткіштер:

• 18–24 жас – 54,4%;
• 25–34 жас – 53,6%;
• 35–44 жас – 52,9%;
• 45–54 жас – 50,8%;
• 65 жас және одан жоғары – 54,3%.

Отбасы – бақыттың басты көзі

Отбасылық жағдай өмірге қанағаттану деңгейіне тікелей әсер етеді. Некеде тұрғандардың 56,9%-ы өзін бақытты санайды, ал бойдақтар арасында бұл көрсеткіш 46,6%-ды құрайды. Тұрмыстағы әйелдердің 59,6%-ы өзін бақытты деп бағаласа, үйленген ерлер арасында бұл үлес 54,2%.

Сауалнамаға қатысқандардың 69%-ы үшін бақыттың негізгі көзі – отбасы. Одан кейін балалар (15,6%) және жеке тұлғалық қасиеттері (4,8%) аталған. Өмірлік құндылықтар арасында денсаулық (64,9%) бірінші орында. Сондай-ақ махаббат, табыс, материалдық әл-ауқат және жұмыс маңызды факторлар ретінде көрсетілген.

Оптимизм сақталған

Экономикалық қиындықтарға қарамастан, респонденттердің 67,1%-ы болашаққа үмітпен қарайтынын айтқан. Бұл көрсеткіш ерлер мен әйелдер арасында шамалас.

Өмірге қанағаттанудың орташа деңгейі 0-ден 10-ға дейінгі шкала бойынша 5,7 балды құраған. Бұл өткен жылмен бірдей, яғни жалпы өмір сапасын қабылдау тұрақты күйінде қалып отыр.

Негізгі мәселе – қымбатшылық

Сонымен бірге, қоғамда елеулі алаңдаушылық бар. Респонденттердің 31,3%-ы елдегі ең өзекті мәселе ретінде қымбатшылықты атаған. Бұдан кейін кедейлік (16,5%) және білім беру мәселелері (16,1%) тұр.

Осылайша, зерттеу нәтижелері белгілі бір парадоксты көрсетеді: инфляциялық қысым мен әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға қарамастан, Түркияда субъективті бақыт деңгейі артып келеді. Дегенмен экономикалық ахуал қоғам көңіл күйіне әсер ететін негізгі фактор болып қала береді.

Бұған дейін Түркияның халық санының қартаю үдерісімен бетпе-бет келіп отырғаны туралы хабарланған еді. Елдің кейбір өңірлерінде тұрғындардың орташа жасы 43 жасқа жеткен.

Ал ТМД ішінде Қазақстан ең бақытты ел ретінде танылғанын жазған едік.