Іле Алатауында мұздақ көлдердегі су деңгейін төмендету жұмыстары басталды

Фото: ТЖМ

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстанның оңтүстігіндегі таулы аймақтарда сел қаупінің күшеюіне байланысты Іле Алатауында мұздақ көлдердегі суды төмендету шаралары қолға алынды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі хабарлады.

Сел қаупі кезеңі басталған қазіргі уақытта ауа температурасының жоғарылауы мен таулы өңірлерде жауған нөсерлі жаңбырдың әсерінен мұздықтардың еріп, мұздақ көлдерге қарқынды су келіп жатқанын мамандар атап өтті.

Фото: ТЖМ

- Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 78 тұрақты және 39 маусымдық бақылау бекеті тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Бұл бекеттер көлдердегі жағдайды үздіксіз бақылап, кез келген өзгеріске жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Мұздақ көлдерге барлау және алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағы жұмылдырылып, гидробекеттер ашылып, қажетті жабдықтар мен жұмыс топтары жоғары таулы учаскелерге жеткізілді, - деп жазды ведомстводан.

Фото: ТЖМ

Қазіргі уақытта ықтимал қауіпті көлдерде су деңгейін қауіпсіз шектерге дейін төмендету жұмыстары басталған. Сонымен қатар, көлдердің түбін егжей-тегжейлі зерттеуге мүмкіндік беретін батиметриялық түсірілімдер жүргізілді.

«Қазселденқорғау» ММ теңгеріміндегі сел мен көшкін қаупі бар учаскелер мен гидротехникалық құрылғыларға тұрақты түрде тексеру жүргізілуде. Сел жағдайын фондық бағалау мақсатында аэровизуалды зерттеу де іске асырылып отыр. Мамандардың мәліметінше, қазіргі таңда қызмет көрсетілетін аумақтарда сел қаупі бақылауда және жағдай тұрақты.

Фото: ТЖМ

Сел қаупі жоғары кезеңде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында таулы аймақтарда демалушылар, туристер мен жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды таулы өңірлерде демалу немесе туристік жорықтарға шыққанда барлық сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады. Атап айтқанда, гидрометеорологиялық жағдай туралы ақпаратты нақтылау, сел қаупі кезінде қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін білу және оларды орындау – қауіптің алдын алудың негізгі тетігі болып қала береді.

Фото: ТЖМ

Айта кетейік, Алматы тауларында 5 тәулік бойы іздестірілген жасөпірімнің мәйіті табылды.