Іле Алатауында сирек кездесетін сілеусіннің қозғалысы бақылауға алынды

АСТАНА. KAZINFORM — Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орнатылған фототұзақтарға Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген Түркістан сілеусіні (Lynx lynx isabellinus) түсіп қалды.

Видео скрині

Сирек кездесетін жыртқыш тұрақты мониторинг нүктесімен қатар, бұған дейін тіркелмеген өзге шатқал аумағынан да анықталды.

 Бейнематериалдар жануардың белсенді қозғалысы мен аумақтық мінез-құлқын көрсетеді.

— Алынған деректер ғылыми тұрғыда сараланып, дарақтарды жеке сәйкестендіру, қозғалыс бағыты мен мекен ету аумағын зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ұлттық парк аумағында сирек кездесетін жануарларды қорғау және фототұзақтар арқылы мониторинг жүргізу жүйелі түрде жалғасады, — делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін «Ертіс орманы» резерватында фототұзаққа сілеусіндер түсіп қалғанын жазғанбыз.