«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватында қамыс өртеніп жатыр

Фото: Фото: «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде Қазақстанда өрт қауіпті кезеңі жалғасып отыр. Осыған орай, 27 мамырдан бастап жылу нүктелерін беру уақытын 40-60 минутқа дейін қысқарту мақсатында виртуалды деректерді қабылдау станциясы іске қосылды. Бұл туралы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Мәліметтер mchs.gharysh.kz геоақпараттық қызметі арқылы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне және оның аумақтық бөлімшелеріне жетеді. 

Фото: «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ баспасөз қызметі

11 маусым күні сағат 13:45–те орман шаруашылығы бөлімінен Іле-Балқаш қорығы аумағындағы батпақты алқапта қамыс өсімдіктері өртенгені туралы хабарлама келіп түсті. Алдын ала себеп — найзағай разряды. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша, 2024 жылғы 13 маусымдағы жағдай бойынша өрт аумағы 30 гектарды құрады.

Алғашқы жылу нүктелері 2024 жылғы 11 маусымда сағат 11:15–те тіркелді.

Бүгінгі күні ғарыштық мониторинг деректері бойынша Іле-Балқаш қорығы аумағында 2024 жылғы 18 маусымдағы өрт аумағы 2794,79 гектарға жетіп отыр.