«Кеше Семейде Қазақстан чемпионаты аяқталды, оған 350-ге тарта қазақстандық спортшы қатысты. Оған дейін бір апта бұрын Қарағандыда «Nomad ММА» чемпионаты да өткен болатын. Осының бәріне бір тиын да мемлекеттік қолдау болған жоқ. Ал енді басқа спорт түрлерін қарап көрейікші: мәселен, Аршавинге миллион доллардан астам жалақы төленгелі отыр. Жылына миллион доллардан асады. Айына 30 мың доллар алатын легионерлер бар. Ал бізге осындай футбол керек пе? Бұл қаражат неге балалар спортына жолданбайды», - деді депутат М. Тінікеев.
Сонымен қатар, ол кіл легионерден тұратын «Барыс» хоккей клубын да сынға алды. «Онда бір ғана қазақ - Дәмір Рыспаев ойнайды, онда да алаңға тек төбелес үшін шығып жүр. 2012-2013 жылғы маусымға қарасақ, екі хоккейшінің жалақысы 1 миллион 300 мыңнан 1 миллион 800 мың долларға дейін. Төрт хоккейшінің жалақысы 900 мың доллардан 1 миллион 300 мың долларға дейін. Бізге осы керек пе?»- деді депутат.