«Ленин атында 16 көше бар, ал Әлихан Бөкейхановқа бір көше бұйырмай тұр»-республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 2 шілде. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 2 шілде, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Премьер-Министр К.­Мә­сі­мов­­­тің төрағалық етумен Үкімет жа­нын­дағы құқық бұзушылықтың про­филактикасы жөніндегі ведом­ств­оаралық комиссияның бірінші отырысы болып өтті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, онда құқық бұзушылықтың про­фи­лактикасы бой­ынша құқық қор­ғау және уә­кі­летті органдардың қызметіне қа­тыс­ты бірқатар мә­селелер тал­қы­ланды. Мәжілісте Ішкі істер министрі Қ.Қасымов нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жат­қан шаралар туралы баяндама жасады.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Астанадағы «Риксос» қонақ үйінде Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесі - Дипломатия күнін салтанатты түрде атап өтті. Салтанатты мереке барысында еліміздің сырт­қы саясатына үлес қосып, ерекше еңбектерімен көзге түскен бір­қа­тар дипломаттар марапаттау қа­ғаз­дары мен дипломатиялық дәре­желерді иеленді. Атап айтқанда, Қазақстан Рес­публикасы Президентінің Жарлы­ғымен Ұлыбританиядағы елші Қайрат Әбусейітовке және Беларусь Республикасындағы елші Ана­толий Смирновқа Төтенше және өкілетті елші дипломатиялық дәрежелері берілді.

***

«Қазіргі таңда Қарағанды облысының елді мекендеріндегі, қалаларындағы, аудан орталықтарындағы көше атауларының басым көпшілігі ұлттық болмысымызға мүлде сай келмейді. Көше атауларының Қазақстан тарихына қатысы жоқтығы өз алдына, көпшілігі, тіпті мағынадан жұрдай атаулар. Бұны ресми органның өзі растай алады. Атап айтқанда, Қарағанды облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жақында аудан, қала көшелерінің атауларына сараптама жүргізген болатын», - деп жазады «Айқын» газеті. Мақала басылымның сенбілік санында «Ленин атында 16 көше бар, ал Әлихан Бөкейхановқа бір көше бұйырмай тұр» деген тақырыппен берілген.

Бүгін велошабандоздар арасындағы ең әйгілі бәсеке - «Тур де Франс» көпкүндігі басталады. Осыған орай «Айқын» газетінде «Тур де Франс», тарт алға!» деген тақырыппен көлемі мақала жарық көрді. Басылымның атап өтуінше, бүгін басталатын «Тур де Франс» көпкүндігінде «Астананың» сапында қазақстандық Александр Винокуров, Дмитрий Фофанов, Максим Иглинский, Андрей Зейц, франциялық Реми ди Георгио, украиналық Андрей Гривко, чехиялық Роман Кройцигер, италиялық Паоло Тиралонго және литвалық Томас Вайткус өнер көрсетеді. Жерлестерімізді бұл жарысқа бас менеджер Джузеппе Мартинелли және спорттық директорлар - Александр Шефер мен Дмитрий Седун бастап апарады.

***

1 шілдеден бастап Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің ішкі кедендік бақылау бекеттері алынып, үш елдің шекарасы ашық режімге көшірілді. Яғни, үш мемлекеттің территориясы айналымында кедендік рәсімдеуден өткен кез келген тауар емін-еркін жүретін болады. Осыған орай «Алаш айнасы» газетінде «Кеден одағы аясында келесі сатыға аяқ бастық» деген тақырыппен мақала жарық көрді. «Әрине, Кеден одағы аясында бірігу болғанымен, бұл арада үш мемлекет бір-біріне бәсекелес болары сөзсіз. Сондықтан Кеден одағына ену оған мүше мемлекеттердің алдына үлкен мақсат пен міндеттерді жүктейді», - деп жазады басылым.

«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, кеше түнде Ақтөбе облысы темір аудандық ішкі істер бөлімінің екі қызметкерін белгісіз біреулер атып кетті. Оқиға Шұбарши елді мекенінде болды. Екі полицей де оқиға орнында жан тапсырды. Қайғылы оқиға орын алған жерді тексеру барысында оқ-дәрілер табылған. Қазір аталған ауылда жедел іздестіру топтары жұмыс істеп жатыр. Мән-жайды толық білгіңіз келсе, басылымдағы «Екі полицейді атып кетті» деген мақалаға көз жүгіртіңіз.