Ленин кентінің аз қамтылған отбасылары екі тонна көмірден алды - Павлодар

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар қаласының әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясының филиалы Ленин кентінің аз қамтылған отбасыларына екі тонна көмірден таратты.

 «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Найля Ахметованың айтуынша, ауыл тұрғындары екі мекемеге өтініш білдірген, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .

Әрқайсысы 40 тоннадан көмір бөлген. Жалпы 80 тоннаны құраған отын Ленин кенті, Кенжекөл, Павлодарское, Мойылды мен Жетекші ауылының тұрғындарына таратылды. Көмекке мұқтаж адамдардың тізімін жергілікті әкімдік жасады. Ал, тасымалдау мен жол шығынын Павлодар әкімдігі өз жауапкершілігіне алды. - Жанар-жағармай базаларының директорлары бірден келісім берді, - дейді Найля Ахметова. - Мен бір директормен сөйлескенде ол көмір тапшылығының жоқтығын айтты. Адамдар қыс тақалып қалғанда ғана дүрліге бастайды, егер жаздың кезінде сатып алса, ұзын-сонар кезек те болмас еді. Тұрғындармен сөйлесіп едім, олар былай деді: "Жазда көмірді өткен жылдың қалдығы деген оймен алмаймыз. Ол нашар жанады, қызуы аз. Қазір алсақ, көмір жаңа. Әрине, барлық адамдар жеміс-жидек, көкөністі жаңадан алғанды ұнатады. Көмір таңдағанда да солай".