Лениннің Арал балықшыларынан көмек сұраған үндеухатына 95 жыл толды
1921 жылы бүкіл Ресейдің Поволжье өлкесі, Пермь губерниясына дейінгі барлық жерде қуаңшылық пайда болып, егін мен шөп түгелдей күйіп кеткен еді. Соның салдарынан бұл өңірдегі мал қырылып жатты. Мал мен егіннен қол үзген Волга бойындағы миллиондаған адам аштыққа ұшырады.
Осы уақытта Халық комиссарлары Советінің председателі Владимир Ленин Арал балықшыларына арнап хат жолдаған болатын. Онда Ленин Арал теңізінен ауланған балықтың бір бөлігін аштықтан ісінген миллиондаған қарттар мен өлімнің аз-ақ алдында тұрған балаларға беруді өтініп, көмек сұраған еді. Үндеухаттың орындалуына Арал Совдепінің председателі Төлеген Медетбаев бастаған қаншама жомарт балықшы бір кісідей атсалысып, ел халқын аман сақтауға күш салды.
Осы ретте, бүгін Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев сол тұста Аралдың атын әлемге танытып, елді аштықтан азат ету жолында 14 вагон балық жөнелткен әйгілі балықшылардың ұрпақтарымен кездесті.
Кездесуге арнайы келген балықшылардың ұрпақтары - Г.Кемалова, Қ.Сүлейменов, О.Бармағамбетов, Б.Тілепов, Қ.Ердіқалықовтар өз ризашылықтарын білдіріп, ата-баба ерлігін еске алды. Сонымен қатар, сөз алған Сайлаубай Жұбатыров ағамыз осы бір тарихи оқиғаның 100 жылдығын республикалық деңгейде атап өтуге ұсыныс білдірді.
Айта кетейік, әкімдікте бас қосқан балықшылар ұрпақтарына аудан әкімі мен жергілікті кәсіпкерлердің атынан естелік сыйлықтар табысталды.