Ленста есімді әйел ШҚО-ның құрметті азаматшасы атанды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың Ардагерлер кеңесінің төрайымы, педагогика кафедрасының профессоры Ленста Әубәкірова 8 наурыз мерекесі қарсаңында «Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматшасы» атағымен марапатталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Педагогика кафедрасының профессоры Ленста Рақымжанқызы көптеген игі істердің бастамашысы болып, алғашқы жоғарғы сынып оқушыларының еңбек жасақтары, бірінші аула клубтарын ұйымдастырған.

Қала және облыс тарихында бірінші рет оның басшылығымен балалар хоккей командасы құрылып, оқушылар арасында «Алтын шайба» клубының сыйлығы атты қалалық жарыстар өткізіле бастады.

Оның бастамасымен «тәртіпке көнбейтін» балалар жазғы демалыстарында еңбек етіп, демалатын «Дзержинец» лагері құрылды.

Бүгінде Ленста Әубәкірова - ШҚМУ-дың Ардагерлер кеңесінің төрайымы, «Қазақ тілі» қалалық қоғамдастығының мүшесі, қалалық әкімдіктің ономастикалық комиссиясы мен білім басқармасының сараптамалық комиссиясының мүшесі.