АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан футбол федерациясының Әдеп жөніндегі комитетінің отырысы өтті.
Қазақстан футбол федерациясынан мәлім еткеніндей, онда қарсылас команданың атрибутикасына құрметсіздік танытқан «Қайрат» футзал клубы ойыншыларының спортқа жат әрекеттеріне қатысты мәселе қаралды. Комитет шешіміне сәйкес «Қайрат» АФК-ға 500 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
«Айыппұлды 2024 жылдың 10 шілдесіне дейін төлеу қажет. «Қайрат» АФК бас директоры А.Құжановаға ескерту түрінде тәртіптік жаза берілсін. «Қайрат» АФК аталмыш жағдайдың бастамашыларын (араңдатушыларын) тауып, түсіндіру жұмысын жүргізуге міндеттелсін. Нәтижесін 2024 жылдың 24 маусымына дейін хабарласын», - делінген ресми ақпаратта.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын ҚФФ Лео Игитаның әрекетіне байланысты мәлімдеме жасағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).