Леонардо Ди Каприо БҰҰ әлем елшісі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Голливуд актері Леонардо Ди Каприо БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі әлем елшісі болып тағайындалды. Бұл туралы бүгін журналистерге дүниежүзілік ұйымның бас хатшысы Пан Ги Мун мәлім етті, деп жазады ИТАР-ТАСС.

«Ди Каприо қоршаған ортаны қорғау қозғалысындағы елеулі тұлға», - деді Пан Ги Мун. Ол американдық актердің климаттың өзгеруімен байланысты проблемаларға БҰҰ-ның күш-жігер жұмсауын қолдағанын қанағаттанғандық сезіммен атап өтті. Бас хатшы Ди Каприоны Бас Ассамблеяның 69-сессиясы ауқымында 23 қыркүйекте өтетін климат бойынша саммитке қатысуға шақырғанын айтты.

БҰҰ бас хатшысының айтуынша, ол осы форумның барысында мемлекеттер атмосфераға парниктік газ шығарындары көлемін азайту жөнінде өздеріне елеулі міндеттемелер алады деп үміттенеді.

Өз кезегінде Леонардо Ди Каприо ол үшін БҰҰ-ның әлем елшісі болу үлкен құрмет екенін мәлімдеді. «Мен адамзат тарихындағы маңызды кезеңде климат проблемасы бойынша қадамдарды жақтай отырып, өзіме моральдық міндеттеме алып отырғанымды сезінемін. Таяудағы жылдарда адамзат пен ғаламшарымыздың тағдыры біздің климаттық дағдарысқа қаншалықты көңіл бөлетінімізге байланысты», - деген оның сөзін келтірген БҰҰ баспасөз қызметі.

Ди Каприо 1998 жылы өзінің есімімен аталатын қор құрды және ол алдына тұмса табиғатты қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ адам мен қоршаған ортаның үйлесімдікте өмір сүруі жолдарын іздестіру міндетін қойып отыр. Голливуд актері БҰҰ атынан әртүрлі мәселелерге қозғау салумен айналысатын басқа да 11 әлем елшілеріне қосылады.