Леонардо Ди Каприо пілдердің қорғауына 1 млн доллар қаражат бөлді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Леонардо Ди Каприо - қоршаған ортаның белсенді қорғаушысы. Ол экология, флора мен фауна мәселелеріне бейжай қарамайды. Пілдердің қырылуына алаңдап, оған қыруар қаржы бөлгендігі де соның айқын дәлелі.

Ди Каприо Save the Elephants қайырымдылық қорына миллион доллар аударды, деп хабарлады Popcornnews. Актердің мұндай кең пейілдігін Йен Дуглас-Гамильтон ұйымының басшысы кешкі қонақасында мәлемдеді. «Браконьерлер өлтірген пілдердің саны тым көп. Өткен жылы 30 мыңнан астам пілдің көзі жойылған. Бұл жануарлардың жаппай қырылып-жойылуын тоқтату біздің қолымызда. Elephant Crisis Fund ұйымы осы мәселені шешуде маңызды рөл атқарады. Сол үшін дәрігер Дуглас-Гамильтонға алғысымды білдіремін», - деп жазылған Ди Каприоның мәлімдемесінде. Леонардоның өзі пілдерді қорғауға арналған қайырымдылық кешінде болмаса да, оның жасаған әрекеті көпшілікке сенім ұялатты. Шара барысында тағы бір миллион доллар жиналды.