Лесото АҚШ тарифтерінен кейін ұлттық апат режимін жариялады
ПРЕТОРИЯ. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің Лесото елінен әкелінетін тауарларға жоғары кедендік тариф енгізуіне байланысты Корольдік Лесото ұлттық апат режимін жариялады. Бұл туралы елдің Сауда, өнеркәсіп және шағын кәсіпкерлік министрі Мокети Шелиле мәлімдеді, деп жазды ТАСС агенттігі.
Министрдің айтуынша, жаңа тарифтердің салдарынан елдегі жұмыссыздық күрт өскен, әсіресе тоқыма өнеркәсібі ауыр соққыға ұшыраған.
– Ұлттық апат режимін жариялау үкіметке алдағы екі жыл ішінде тоқыма саласынан тыс 60 мың жаңа жұмыс орнын жедел түрде ашуға мүмкіндік береді, – деді Шелиле Financial Times басылымына берген сұхбатында.
Лесотоның АҚШ-қа негізгі экспорттық өнімі – тоқыма бұйымдары, оны Levi’s секілді әйгілі брендтер сатып алады. Өткен жылы Лесото АҚШ-қа 237 миллион доллар көлемінде тауар экспорттаған. Бұл елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 10%-ын құрайды.
АҚШ Лесотоның тоқыма өнімдеріне 50% кедендік тариф енгізіп, бұл шешім Африкадағы бұл мемлекетте жаппай өндіріс орындарының жабылуына және жұмысшылардың қысқартылуына алып келді.
– Біз тоқыма өнеркәсібінің толық тоқтау қаупіне тап болдық, – деп атап өтті Шелиле.
Ұлттық апат режимі 2027 жылдың 30 маусымына дейін күшінде болады. Бұл режим инвестициялық шешімдерді жедел қабылдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға арналған мемлекеттік шығындарды бюрократиялық кедергілерсіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Лесото – Африканың оңтүстігінде орналасқан, теңізге шыға алмайтын, әлемдегі ең кедей мемлекеттердің бірі. Халқы – 2,36 миллион, оның жартысынан астамы Дүниежүзілік банк белгілеген күндік табысы $2,15 болатын кедейлік шегінен төмен өмір сүреді. Елдегі жалпы жұмыссыздық – шамамен 30%, ал жастар арасындағы жұмыссыздық – 48%.
Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ 1 тамыздан бастап ЕО мен Мексика тауарларына 30% кедендік баж салығын енгізеді.