Левит пен Тищенко қарымта айқас өткізуі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - 25 тамыз бен 3 қыркүйек арасында Гамбургте өтетін бокстан әлем чемпионатына Еуропа чемпионы Евгений Тищенконың қатысатыны белгілі болды. Бұл туралы Ресей құрамасының бас бапкері Олег Меньшиков мәлімдеді, деп хабарлайды SSports.kz.

Риодағы Олимпиада финалындағы Тищенко мен қазақстандық Василий Левит арасындағы атышулы айқастан соң қос боксшы алғаш рет қарымта жекпе-жек өткізуі мүмкін.

Левиттің мұндай жекпе-жек болған жағдайда өз тактикасына өзгерістер енгізетіні туралы Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов айтып берді.

«Әрине, өзгерістер енгізіп, айқын жеңіске жету керек. Ол үшін қазір Левит пен Тищенко арасында болуы ықтимал айқас бойынша жұмыстар жүргізілуде. Василий бәрін жақсы түсінеді және қазір ресейлікпен болуы мүмкін жекпе-жекке дайындалып жатыр», - деді Айтжанов.