Лейпциг хайуанаттар бағы құс тұмауына байланысты бірқазандарын жойды

Фото: Almaty.tv

АСТАНА.KAZINFORM — Германияда Лейпциг хайуанаттар бағы құс тұмауының өршуіне байланысты ондағы барлық бірқазандарды жоюға мәжбүр болды, деп хабарлайды BILD.

Алдымен вирустан бір бірқазан өлді, артынша тағы біреуінің жағдайы қиындады. Ветеринарлық қызметкерлер вирустың хайуанаттар бағындағы басқа жан-жануарларға тарап кетуінің алдын алу үшін қалған құстарды эвтаназиялау туралы шешім қабылдады.

Директор Йорг Юнхольдтың айтуынша, бұл шара қалған жануарларды қорғау үшін қажет болды. Осы аптада хайуанаттар бағының 350 мекендеушісі тексеруден өтті және барлық нәтиже теріс болды.

Peta ұйымы хайуанаттар бағына болашақта құс өсіруді толығымен тоқтатуға шақырды.

Бұған дейін Германияда құс тұмауының кесірінен 500 мың құс жойылғанын хабарлаған едік.