ЛГБТ өкілдері Парламент депутаттарына ақпараттық қысым жасады — Еділ Жаңбыршин
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ЛГБТ қауымдастығы Парламент депутаттарына ақпараттық шабуыл ұйымдастырғанын мәлім етті.
Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында педофилия мен ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салуға бағытталған заң қабылданды.
— Бұл мәселенің қызу талқыланып жатқанына бес жылдың жүзі болды. Дәл осы мінберден өзім де, әріптестерім де бірнеше рет депутаттық сауал жолдап, мәселені бүге-шігесіне дейін талқыладық. Олар қасиетті киіз үйімізде тайраңдап, ұлттық құндылықтарымызды аяққа таптады. Ұлттық фольклорымызда гомосексуализм бар деп, тұтас халыққа жала жапты. Екіншіден, тіпті мектептерге барып, ашық әрі заңсыз пропаганда жүргізді. Үшіншіден, Еділ Жаңбыршин, Асхат Аймағамбетов, Жанарбек Әшімжан, Ардақ Назаров, Елнұр Бейсенбаев пен Самат Мұсабаевқа ақпараттық шабуыл жасады. Біздің жеке басымызға өтіп, келемеждеді. Сол үшін арнайы контент әзірленіп, таратылды. Бұл барып тұрған бассыздық, заң шығарушы органның өкілдеріне қысым жасау, адам құқығын таптау, — деді Еділ Жаңбыршин Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, қазірге дейін ұлттық құндылықтарды жоюға бағытталған әсіре феминистік, ЛГБТ қауымдастығы арнайы әрі жоспарлы түрде шетелден миллиондаған доллармен қаржыландырылып жатыр.
— Әрине, бұған қарсы қоғам үнсіз қалған жоқ. Былтыр қоғам белсенділері E-petition.kz мемлекеттік платформасында ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялап, ол аз уақыт ішінде заңды түрде 50 мың қол жиналды. Бұл — ЛГБТ-нің елімізге қажетсіз әрі жат құбылыс екендігінің, оған халықтың ашық қарсылығының анық көрінісі. Осы бойынша арнайы зерттеу ұйымдастырылып, оның нәтижесінде ЛГБТ пропагандасы жас өрендеріміздің психикасына тікелей теріс әсер ететіні, олардың танымын сындыратын қауіпті үрдіс екені анықталды. Бұған қоса, халықаралық балалар құқығына қатысты стандарттар да осыған ұқсас талаптарды қамтиды. БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясында мемлекеттерге баланың рухани, психикалық және физикалық жағдайына зиян келтіретін ақпарат пен материалдардан қорғау жөнінде нақты шаралар қабылдау міндеті жүктелген. Сондай-ақ, 2022 жылы Қазақстан Женева декларациясына қосылып, онда әрбір дербес мемлекет өздерінің негізгі құндылықтарын, дәстүрлі отбасы институтын сақтау бойынша ұлттық саясатын жүргізуге құқылы екені айтылған, — деді депутат.
Осы орайда ол Қазақстанда ЛГБТ-ны насихаттауды заңмен шектеу бойынша қабылдап жатқан нормалар кейбір халықаралық ұйымдар мен белсенділер айтып жүргендей ешқандай адам құқығын шектеуге бағытталмағанын атап өтті.
— Керісінше, бұл нормалар дәстүрлі отбасылық институтты бұзудан және балалар мен жасөспірімдерді деструктивті идеологиялардан қорғап, ұлттық қауіпсіздігімізді сақтауға, халқымыздың рухани иммунитетін нығайтуға септігін тигізеді. Дербес мемлекеттің ішкі ісіне араласуға, ең бастысы оның ұлттық заңдарына қысым көрсетуге ешқандай ұйымның құқығы жоқ, — деді Еділ Жаңбыршин.