Қызметінен босатылғандардың қатарында әуежай қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының басшылары бар.
Шілде айында Либерия билігі Робертс халықаралық әуежайының маңынан шамамен төрт тонна кокаин тәркіледі. Оның нарықтағы құны 317 млн доллар деп бағаланған.
Бұған дейін, маусым айында, тағы бір ірі есірткі партиясы қолға түскен болатын. Сол кезде әуежайда дәмдеуіш өнімдері, оның ішінде Maggi қаптамалары салынған коммерциялық жүк арасынан құны шамамен 19 млн доллар болатын 238 келі кокаин табылған.
Президент әкімшілігінің хабарлауынша, мемлекет басшысы заңсыз есірткі айналымына қатысты ірі істер бойынша аралық тергеу есебімен танысқаннан кейін бірқатар мемлекеттік қызметкер мен құқық қорғау органы қызметкерлерін дереу қызметінен босатуды, уақытша шеттетуді және тексеруді тапсырған.
Жұмыстан шығарылғандардың қатарында әуежай директорының операциялық қызмет жөніндегі орынбасары, полицияның қылмыстық тергеу, барлау және Интерполмен өзара іс-қимыл бөлімшесінің басшысы, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік агенттігі директорының әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары бар.
Президент есірткінің екі ірі партиясына қатысты айып тағылған барлық мемлекеттік қызметкерлер мен құқық қорғау органдарының өкіллерін де қызметінен босатты.
Олардың қатарында әуежайдың қауіпсіздік қызметінің директоры және Либерияның Есірткіге қарсы күрес агенттігінің әуежайдағы бөлімшесі командирінің орынбасары бар.
Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік агенттігі мен Гендерлік теңдік, балалар және әлеуметтік қорғау министрлігінің төрт қызметкері де жұмыстан шығарылды. Олардың істері қылмыстық қудалау үшін Әділет министрлігіне жолданды.
Маусым айында әуежайда алғашқы есірткі партиясы тәркіленгеннен кейін Джозеф Боакаи осы іске қатысы бар барлық тұлғаны заң аясында жауапкершілікке тарту үшін үйлестірілген тергеу жүргізуді тапсырған болатын.
Айта кетейік, Грузияда есірткі қылмысына қатысы бар 120-дан астам адам ұсталды.
Сондай-ақ Мексикада «Синалоа» есірткі картелінің басшысы өмір бойына бас бостандығынан айырылды.