Либерияда $336 млн тұратын кокаин тәркіленгеннен кейін 12 шенеунік жұмыстан қуылды

АСТАНА. KAZINFORM – Либерия президенті Джозеф Боакаи елде ірі көлемдегі кокаиннің тәркіленуінен кейін 12 мемлекеттік қызметкерді жұмыстан босатып, тағы бірнеше лауазымды тұлғаның ісін тергеуге жолдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Euronews -ке сілтеме жасап.

Фото: Liberia National Police - LNP

Қызметінен босатылғандардың қатарында халықаралық әуежай қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының басшылары бар.

Шілде айында Либерия билігі Робертс халықаралық әуежайының маңынан шамамен төрт тонна кокаин тәркілеген. Оның нарықтағы құны 317 млн доллар деп бағаланды.

Бұған дейін, маусым айында, әуежайдағы коммерциялық жүк арасындағы Maggi дәмдеуіштерінің қаптамаларының ішінен шамамен 238 келі кокаин табылған. Оның құны 19 млн доллар болған.

Президент әкімшілігінің хабарлауынша, мемлекет басшысы есірткінің заңсыз айналымына қатысты істер бойынша аралық тергеу қорытындысымен танысқаннан кейін бірқатар мемлекеттік қызметкер мен құқық қорғау органдарының өкілдерін қызметінен босату, уақытша шеттету және тексеру туралы тапсырма берген.

Жұмыстан шығарылғандардың қатарында әуежай директорының операциялық қызмет жөніндегі орынбасары, полицияның қылмыстық тергеу, барлау және Интерполмен өзара іс-қимыл бөлімшесінің басшысы, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік агенттігі директорының әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары бар.

Сонымен қатар президент кокаиннің екі ірі партиясына қатысты айып тағылған барлық мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдарының өкілдерін қызметінен босатты.

Олардың арасында әуежайдың қауіпсіздік қызметінің директоры мен әуежайда жұмыс істеген Либерияның Есірткімен күрес агенттігі бөлімшесі командирінің орынбасары да бар.

Бұдан бөлек, Ұлттық қауіпсіздік агенттігі мен Гендерлік теңдік, балалар және әлеуметтік қорғау министрлігінің төрт қызметкері жұмыстан шығарылды. Олардың істері қылмыстық қудалау үшін Әділет министрлігіне жолданды.

Еске салайық, маусым айында кокаиннің алғашқы ірі партиясы тәркіленгеннен кейін президент Джозеф Боакаи бұл іске қатысы бар барлық тұлғаны жауапкершілікке тарту үшін кешенді тергеу жүргізуді тапсырған болатын.

Осыған дейін «Синалоа» есірткі картелінің басшысы өмір бойына бас бостандығынан айырылғаны туралы жаздық.