Либерияда маймыл шешегін жұқтырғандар саны 78-ге жетті

Фото: Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Африкадағы Либерия Республикасында жыл басынан бері маймыл шешегі (mpox) вирусын жұқтырудың 78 жағдайы тіркелді, деп жазады Анадолы.

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау институтының (NPHIL) басшысы Дугбе Крис Ньянның хабарлауынша, елде қауіпті вирусты жұқтырудың тағы төрт жаңа жағдайы анықталған.

Вирус таралуының алдын алу шаралары аясында Либерия өткен айда Еуропалық комиссияның төтенше жағдайлар жөніндегі денсаулық сақтау бөлімінен mpox вирусына қарсы 10,8 мың доза вакцина алған.

Жануарлар мен адамдар арқылы жұғады

Маймыл шешегі егеуқұйрықтар мен тиіндер сияқты кеміргіштерден, сондай-ақ осы вирусқа шалдыққан адамдардан жұғады. Алғашқы белгілер әдетте жұққаннан кейін 5-21 күн ішінде пайда болады. Оларға жоғары температура, бас, арқа және бұлшықет ауруы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, әлсіздік, қалтырау және терідегі бөртпелер жатады.

Mpox вирусына қарсы нақты ем жоқ. Емдеу антивирустық препараттармен жүргізіледі. Көптеген науқас ауруды жеңіл түрде өткеріп, бірнеше апта ішінде сауығып кетеді.

Бұған дейін Конгода маймыл шешегімен ауырған 128 адам емдеу орталықтарынан қашып кеткенін жаздық.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегі (mpox) вирусына қарсы екінші вакцинаны мақұлдады.