Бүгін бұл туралы ҚР Парламенті Сенаты Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов айтты.
«Заң жобасы бойынша қолданыстағы 1 мың 15 рұқсат беру құжатының рәсімдерінің 331-і немесе 30 пайызы қысқартылады. Сонымен бірге, лицензияланатын қызмет түрлері шеңберінде қоршаған ортаны қорғау мен ауыл шаруашылығы саласындағы субъектілер аясын азайту көзделеді. Заң жобасы қабылданғаннан кейін астық және мақта шаруашылығы саласындағы қазіргі қолданыстағы лицензиялар түгелге жуық қысқарады. Сондай-ақ, рұқсат беру құжаттарын алуға байланысты уақыт және қаражат шығындарын азайту мақсатында рұқсат беру рәсімдерін жеңілдету көзделіп отыр. Атап айтқанда «жалғыз терезе» қағидатын барлық мемлекеттік органдар қолданатын болады», - деді Экономикалық даму және сауда вице-министр М. Құсайынов. Вице-министрдің айтуынша, заң жобасымен лицензия берудің мерзімін 30 күннен 15 күнге дейін қысқарту қарастырылады. «Бұдан бөлек, заң жобасы қабылданғаннан кейін рұқсат беру құжатының айналымы жылына 800 мыңнан астам данаға азаятындығы болжанып отыр», - дейді М. Құсайынов.