Лицензиялардың 92 түрін алу үшін 425 түрлі құжатты тапсыру қажеттігі жоғалады - А.Жұмағалиев

АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың соңында лицензиялардың 92 түрін алу үшін бұрынғыдай 425 түрлі құжат тапсырудың қажеті болмайды.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөнінде Үкімет алдында есеп берген Көлік және коммуникациялар министрі Асқар Жұмағалиев айтты.

«Қызмет көрсету үдерістерін оңтайландырудың нәтижесінде жыл сайын 42,2 млн. құжат бұрынғыдай қағаз түрінде тапсырылмайтын болады, бұл шара халықтың осы қызметтерді алу мүмкіндіктерін жеңілдететін болады», - деп атап өтті ол.

А.Жұмағалиевтің сөзіне қарағанда, ағымдағы жылдың тамызынан бастап лицензиялардың барлық түрлері электронды форматта әзірленуде. Лицензияларды берудің бизнес үдерісін оңтайландыру жұмыстары да аяқталуға жақын.  Ал жылдың соңына қарай лицензиялардың 92 түрін алу үшін бұрынғыдай 425 түрлі құжатты тапсырудың қажеті болмайды. Яғни,  жыл сайын тапсырылатын 10 млн.-ға жуық қағаз форматтағы құжаттар қысқартылады. Осыған ұқсас жұмыстар 80 рұқсат құжатын автоматтандыру және оңтайландыру бойынша да жүргізілді. Қазіргі уақытта іске қосылған қызмет тестілеуден өтуде. Бұл рұқсат құжаттарын алу үшін ендігі жерде 255 түрлі  құжаттың  (49%)  түпнұсқасы мен көшірмесін тапсырудың қажеті жоқ.