Басқарманың хабарлауынша, 7 тамызда таңғы 9:00-де «Алматы лифт» ЖШС диспетчерлік қызметіне төтенше жағдай туралы хабарлама түскен.
«Кезекші лифтерлар 9:10-да лифтінің 4-5 қабаттар арасында тым көп салмақты көтере алмай тоқтағанын анықтаған. Бұл күні адамды жерлеу шарасы болып жатқандықтан, қайтқан адамды лифтімен түсірмек болған. Апатты жағдай болған соң тұрғындардың өздері қолда бар құралдарымен кабина және шахта есіктерін бұзбақ болған. Жолаушылар кабинадан лифтерлерге хабарласпаған. Сондай-ақ, лифтімен жүру туралы ережені оқымаған. Жолаушылардың бірі секіріп шықпақ болғанда, лифт шахтасына құлап кеткен», - деді басқармадан.
Қазіргі таңда «Алматы Лифт» ЖШС болған оқиға туралы Алатау аудандық ІІБ хабарлап үлгерді.
Айта кету керек, қайғылы оқиға 7 тамызда «Ақбұлақ» тұрғын үй кешенінде болған. 34 жастағы жігіт лифт шахтасына абайсызда құлап кетіп, ауыр жарақат алды. Дәрігерлердің айтуынша, оның 7 қабырғасы, бел омыртқасы сынған, көкбауырына зақым келген.