Лига кубогы: «Астана» қарағандылық «Шахтерді» ірі есеппен жеңді

АСТАНА. KAZINFORM – Қарағандылық «Шахтер» командасына қарсы өткізген сырт алаңдағы ойында Бабаян футболшылары 2:4 есебімен жеңіске жетті.

Фото: Vesti.kz

Алғашқы таймда екі команда бір-бірінің қақпасына қос доптан салды. Кездесудегі бірінші голды 6-минутта кеншілер сапына жуырда ғана ауысып келген Евгений Козлов соқты. Көп күттірмей ойынның 14-минутында астаналық клубтың жаңа ойыншысы Джеффри қарымта қайтарды. Ал, 28 минутта пенальтиден гол соғып, дубль жасады. Бірақ «Шахтер» командасының тәжірибелі футболшысы Каньяс матчтың 36-минутында айып соққысын сәтті орындап, таразы басын теңестірді. 

Ойынның екінші бөлігінде елордалық клуб басымдықты арттырып, «Шахтер» қақпасына тағы да екі доп енгізді. Оның бірін 48-минутта Грипши салса, ойынның нүктесін 79-минутта Чинеду Джеффри қойып, хет трик авторы атанды. 

Айта кетейік, бұған дейін «Астана» Лига кубогында ақтаулық «Каспиді» 5:0 есебімен ойсырата жеңген болатын.