Лига кубогы: «Жетісу» бірінші лига командасынан жеңіліп қалды

Фото: instagram.com/ fc_elimai

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан Лига кубогы турнирінің үшінші турында талдықорғандық «Жетісу» Ақтаудың «Каспийінен» жеңіліп қалды.

Биыл бірінші лигада сынға түсіп жатқан ақтаулық команда өз алаңында «Жетісумен» кездесуінде ширақ қимылдай білді. Олардың қатарынан Санат Жұмаханов 17-минутта есеп ашса, Бақдәулет Көңлімқос 67-минутта есепті үстемеле түсті.

Оған «Жетісу» сапынан Данияр Үсенов 71-минутта бір голмен жауап қайырды.

Осылайша «Каспийі» қарсыласынан 2:1 еесбімен басым түсіп, өз тобында алты ұпаймен екінші орынға тұрақтады. 

Айта кетсек, аталған топта 19 шілдеде елордалық «Астана» сырт алаңда Қарағандының «Шахтерін» 4:2 есебімен тізе бүктіріп, алты ұпаймен бірінші орынға табан тіреді. Доп айырмасы бойынша жартылай финалға жолдама алды.

Дәл қазір С тобында «Елімай» (Семей) мен «Атырау», «Тұран» (Түркістан) мен «Ордабасы» (Шымкент) кездесуі өтіп жатыр.

Ал 21 шілдеде А тобында «Ақжайық» (Орал) мен «Қызылжар» (Петропавл), «Қайрат» (Алматы) мен «Тараз», В тобында «Қайсар» (Қызылорда) мен «Тобыл» (Қостанай), «Ақтөбе» мен «Жеңіс» (Астана) кездеседі.

Әрбір топтан бірінші орын алған командалар жартылай финалға шығады.

Жартылай финал 10-11 тамыз бен 30 қазанға белгіленген. Финал 24 қарашаға жоспарланған.

Еске салсақ, бірінші лигада «Жетісай» үш ойыннан кейін жеңіске жетті.