Аппеляциялық сот отырысында жәбірленуші кәсіпкер айыпталушылардың бірі Мири Пазға қатысты өз өтінімін жеткізді.
«Алғашқы сот инстанциясының үкімі әділетсіз. Мен Мири Паздың жазасын ауырлатуды сұраймын. Бәрін бастаған сол. Ал, Лилия Роберт қызын керісінше босатуды сұраймын», - деді Хамро Суванов.
Оның айтуынша, қазір денсаулығы сыр берген.
«Ішкі органдарым толық жұмыс жасамайды. Қан қысымым да тұрақсыз», - деді жәбірленуші.
Еске салайық, 23 тамызда Sauvage дүңгіршегінің иесі Лилия Рах адам ұрлады деген күдікпен қамауға алынған болатын.
Алмалы аудандық сотының судьясы Қуаныш Әріпов Лилия Рахты 7 жылға, Мири Пазды - 7,5 жылға, Бақыт Шалбаев пен Ислам Месировті 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған болатын. Сонымен қатар, сот олардың мүліктерін тәркілеу туралы шешім шығарды.
Рахтың қорғаушысы Владимир Хан мен жәбірленуші Хамро Суванов болса, сот үкімінің тым қаталдығын айтып, апелляциялық шағым түсірген еді.
Бүгінгі сот отырысында Л.Рахтың қорғаушысы өзінің қорғауындағы айыпкердің қайта сұралуын өтінді. Сот оны қанағаттандырып, келесі отырысты 18 қаңтарға қалдырды.