Лилия Рах сотта мәлімдеме жасады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Лилия Рах сотта мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

«Иә, мен Сувановты қарызы туралы мәселені заңнан тыс шешкім келді. Сондықтан, әуежайда кездестім», - деді ол.
Л. Рах сотталушы Мири Паздың жәбірленуші Сувановпен арадағы мәселелерін шешіп жүргенін, бірақ оның Есікте болғанын білмегенін айтты. «Мен Сувановқа залал келтіруді әсте ойлағаным жоқ. Есікке келгенімде не болып жатқанын көріп, қарсы шықтым», - деді ол.
Ол сотта сөйлеген сөзінде барлық әшекей-бұйымдарын қайтарып алғанын айтты. Сондықтан, ломбардтан кейін онымен тіпті ісі болмаған.
«Мен әуежайдан ломбардқа дейінгі оқиғаларға қатысқанымды мойындаймын. Жасаған ісіме қатты өкінемін. Хамро тағы да өзіңнен кешірім сұраймын», - деді Лилия Рах сотта кәмелет жасқа жетпеген қызын тәрбиелеуге мүмкіндік сұрап.
Еске сала кетейік, 2016 жылдың 10 қарашасы күні сот үкімімен Лилия Рах ҚР ҚК 125-бабының 2-бөлігі, 1,8-тармақтарындағы қылмысты жасағаны үшін (жеке мақсаттары үшін адамдар тобымен алдын ала сөз байласа отырып адам ұрлау) айыпты деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. 
Сотта Лилия Рахқа аталған қылмысты жасағаны үшін ең төменгі жаза тағайындалғаны айтылған еді. Іске қатысты айыпталушылар Паз, Шалбаев және Мисиров ҚР ҚК 125-бабының 2-бөлігі, 1,3,8-тармақтарындағы қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылған болатын.
Сот үкімімен Паз 7 жыл 6 айға, Мисиров пен Шалбаев әрқайсысы 8 жылға сотталған.
Айта кетейік, белгілі кәсіпкер Лилия Рах 2016 жылдың 27 шілдесінде Алматыда тұтқындалған.