Лилия Рахты қамауда ұстау мерзімі ұзартылды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Сән әлемінде танымал кәсіпкер Лилия Рахты қамауда ұстау мерзімі ұзартылды, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Істі қараған Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының судьясы Қуаныш Әріпов қылмыстық іс бойынша басты сот отырысын 21 қазанға белгілеп, Л.Рах және іске қатысты тағы үш адамды қамауда ұстау мерзімін 2016 жылдың 15 желтоқсанына дейін ұзартты.

Судья Қ.Әріпов айыпталушы Лилия Рах пен Мири Паздың адвокаттары жазған өтінімхаттарды қанағаттандырмады. Онда адвокаттар абақтыда ұстау туралы сот қаулысын кепілдік арқылы босату немесе үй қамақта ұстауға ауыстыру бойынша өтінім жасаған.

Айта кетейік, Алматыда адам ұрлады деп айыпталып отырған танымал кәсіпкер Лилия Рахтың ісіне қатысты 17 қазанда өткен сот тыңдауында жәбірленуші Хамро Сувановтың адвокаты Ермек Дерябин айыпталушы Рахқа қатысты қылмыстық істі тоқтатуды сұраған болатын.

«Х.Сувановтың Лилия Рахқа қатысты материалдық та, моральдық та шағымы жоқ. Оны кінәлі деп есептемейді», - деген болатын Е.Дерябин.  Бірақ, Сувановтың адвокаты өзге айыпталушылар: Мири Паз (Израиль азаматшасы), Бақыт Шалбаев және Ислам Месировқа қатысты жәбірленуші ондай шешімге келмегенін де жеткізген.

Сот тыңдауында Лилия Рах пен Израиль азаматшасы Мири Паздың қорғаушылары соттың тұтқында ұстау қаулысын үй қамаққа немесе кепілдік арқылы босатуға ауыстыруды сұраған. 

Қорғаушылар айыпталушы әйелдер жатқан бөлмеде жылу жоқ екенін, жасы 50-ден асқан әйелдердің денсаулығына бұл қатты әсер етіп отырғанын айтқан. Л.Рахтың авдокаты Гаухар Сәлімбаева Серік Қонақбаев бастаған еліміздің бірқатар танымал адамдары Лилияның сенімділігіне кепіл ете алатынын айтқан.

Айта кетейік, Рахтың адвокаттары қорғауындағы азаматшаға қатысты қылмыстық істі тоқтатуды да сұрады.   

Сонымен қатар, сот тыңдауында екі айыпталушы Шалбаев пен Месировтың адвокаттар қорғауындағы азаматтарға қатысты қозғалған ҚР ҚК 125-бабын (адам ұрлау) ҚР ҚК 126-бабына (заңсыз бостандықтан айыру) қайта жіктеуді сұраған болатын.

Бүгін судья Қуаныш Әріпов барлық өтінімхаттарды қанағаттандырмады.

Еске сала кетсек, 2016 жылдың 9 шілдесінде 33 жастағы Өзбекстан азаматының жоғалып кеткендігі туралы полицияға арыз түскен.

Кешенді тексеру шаралары барысында айыпталушылардың Өзбекстан азаматын ұрлап, қаладағы жалдамалы пәтерлердің бірінде қамауда ұстағаны анықталды. Полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында жәбірленуші қамалған мекенжай анықталып, ол аман-есен бостандыққа шығарылған еді. Осы іске қатысы бар деген күдікпен төрт адам ұсталды. Олар: Лилия Рах, Мири Паз, Ислам Месиров және Бақыт Шалбаев.

Лилия Рах, 1962 жылы туған. Байер, Sauvage бутигінің және «люкс» дәрежелі бірнеше дүкен иесі.