Лион мэріне жемқорлыққа қатысы бар деген айып тағылды

Фото: Фото: Анадолу

АСТАНА. KAZINFORM – Францияның үшінші ірі қаласы – Лионның мэрі Грегори Дусе мемлекет қаражатын ысырап етті деген айыппен алдын ала тергеу аясында ұсталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Француз бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Лион мэрі және «Жасылдар» партиясының өкілі Грегори Дусе мемлекет қаржысын жымқыру ісі бойынша тергеу аясында күдікті ретінде қаралып жатыр. Оны Франция прокуратурасының өкілдері ұстап, он сағаттан астам жауап алынғаннан кейін босатқан.

2024 жылдың наурызында Лион мэриясында тінту жүргізілген. Тергеу барысында Лион әкімдігі 24 адамды заңсыз жұмысқа қабылдады деген күдікке ілінген. Бұл әрекет мемлекеттік қаржыны жымқыру мақсатында жасалды деген нұсқа тексеріліп жатыр.

Бостандыққа шыққаннан кейін Грегори Дусе мэриядағы жобалар жетекшілерінің лауазымдарын «әкімшілік қызметтер» деп атап, олар саяси емес, қоғам игілігі үшін жұмыс істейді деп мәлімдеді.

— Бұл — шынайы адамдармен атқарылатын нақты жұмыс, — деді ол Лион полиция бөлімшесінің алдында журналистерге берген сұхбатында, жоба менеджерлерінің міндеттері мен олардың қаладан алатын жалақысына қатысты сұрақтарға жауап бере отырып.

Француздық БАҚ өкілдері полиция деректеріне сілтеме жасап, Дусенің жергілікті уақытпен таңғы 08:00–де ұсталғанын хабарлады. Қаржылық полиция тарапынан тергеу жалғасып жатыр.

— Грегори Дусе қаланың қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп, қабылданған шешімдердің заңдылығын қорғау үшін тергеудің әдеттегі кезеңінде қоғам өкілі ретінде тыңдалды. Ол әділет жүйесімен толықтай ынтымақтастықта жұмыс істеп жатыр, — деп мәлімдеді оның баспасөз хатшысы.

Грегори Дусе — «Жасылдар» партиясының өкілі және 2020 жылдан бері Францияның үшінші ірі қаласы — Лионның мэрі қызметін атқарады.

Бұған дейін Еуропарламенттің бұрынғы депутаты, бельгиялық Мария Арена да адам құқықтары жөніндегі қосалқы комитетті басқарған кезінде жемқорлық дауына ілінген болатын.

Айта кетелік Франция соты француздық оппозиция жетекшісі мен сегіз Еуропарламент депутатын кінәлі деп тапқан еді.