Лионель Месси «Алтын доп»-2015 иегері атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Испаниялық «Барселона» мен Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) «Алтын доп» иегері болды. 2015 жылғы әлемнің үздік футболшысына марапатты тапсыру салтанаты Цюрихтегі гала-кеш кезінде болды, деп хабарлады ТАСС.

Жаттықтырушылар мен ұлттық құрамалар капитандарының, сондай-ақ журналистердің дауыс беруінде 28 жастағы форвард өзінің клубтас әріптесі бразилиялық Неймардан, сондай-ақ «Реал» шабуылшысы португалиялық Криштиану Роналдудан басым түсті.

Аргентиналыққа марапатты 2007 жылғы «Алтын доп» иегері бразилиялық Кака тапсырды.

«Бұл мен үшін ерекше сәт болды, мен сахнаға оралдым және «Алтын допты» екі жылдан кейін тағы да жеңіп алдым, бұған дейін оны Криштиану иеленген болатын. «Бес «Алтын допқа» ие болу - балалық шағымдағы арманымнан да асып түсті, командадағы «әріптестеріме де ризамын», - деді Месси.

Месси мен Неймар 2014/15 жылғы маусымда «Барселона» сапында ел чемпионатын, Кубогын және Чемпиондар лигасын, УЕФА суперкубогын жеңіп алды, сондай-ақ желтоқсанда әлемнің клубтық чемпионатының жеңімпазы болды. Аргентина құрамасымен Америка Кубогының финалына дейін жетті және турнирдің үздік ойыншысы атанды.

«Алтын доп» жүлдесін 1956 жылы Францияның "France Football" журналының редакциясы тағайындаған болатын және журналистердің сауалнамасы бойынша, Еуропаның үздік ойыншысына тапсырылады. 1991 жылдан ФИФА жыл лауреатына өз жүлдесін тапсыра бастады. 2010-2012 жылдары Месси үш жыл қатарынан үздік ойыншы деп танылды.