Бұл кездесу бүгін, 7 қазанда өтті. Кездесу барысында аргентиналық футболшы негізгі құрамда жасыл алаңға шықты. Тоқсан минут бойы ойынға қатысып, өз құрамасының жеңіске жетуіне үлес қосты. Ойынның 71-минутында Бенин қақпасына белгіленген пенальтиді мүлтіксіз орындап, аргентиналық жанкүйерлердің қошеметіне бөленді.
Лионель Месси ұлттық құрама сапындағы алғашқы ойынын 2005 жылдың 4 тамызында жолдастық кездесуде Венгрия құрамасына қарсы өткізді.
2026 жылғы әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін шабуылшы өзінің ұлттық құрама сапындағы кәсіби мансабын аяқтайтынын жария етті. Аргентина құрамасы жейдесін 207 мәрте киюге мүмкіндік алған ол бұл жөнінен абсолютті рекорд жасады. Сол ойындарда 125 мәрте мергендігімен көзге түсіп, жоғары көрсеткішімен ерекшеленді.
Айта кетсек, Лионель Месси Аргентина құрамасы сапында 2008 жылы Олимпиада чемпионы атанса, 2022 жылы әлем чемпионы, 2014, 2026 жылдары әлем чемпионатының күміс жүлдегері болды. Сондай-ақ Америка кубогын 2021, 2024 жылдары екі мәрте жеңіп алса, 2007, 2015, 2016 жылдары күміс, 2019 жылы қола жүлдесіне ие болды.
Лионель Месси 1987 жылы 24 маусымда Аргентинаның Росарио қаласында дүниеге келген. 2003 жылдан бері Испанияның «Барселона», Францияның «Пари Сен-Жермен», АҚШ-тың «Интер Майами» клубтарында ойын көрсетіп келеді.
Клубтық деңгейде ол Испанияның тоғыз дүркін чемпионы болса, UEFA Чемпиондар лигасында төрт мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. Оған қоса Францияның екі дүркін чемпионы болды.
Лионель Месси сегіз мәрте «Алтын доп» иегері болса, алты мәрте «Алтын бутсы» жүлдесіне лайық деп танылды.
Айта кетсек, Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду жанкүйерлерінен кешірім сұрап, ұлттық құрамадағы мансабын аяқтамайтынын мәлімдеді.