АСТАНА. ҚазАқпарат - Лионель Месси мен Криштиану Роналду ойнайтын Францияның «Пари Сен-Жермен» және Сауд Арабиясының «Аль-Наср» командалары 19 қаңтарда жолдастық кездесу өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Франциялық клуб қысқы оқу-жаттығу жиынының күнтізбесін жариялады. Команда аталған дайындықты жылда Сауд Арабиясы және Қатарда өткізіп келеді.
«Пари Сен-Жермен» 17 қаңтарда Қатар астанасы Доха қаласына келеді. Онда 2022 жылғы әлем чемпионаты өткен стадиондардың бірінде жаттығу жұмыстарын жасайды. Одан кейін 19 қаңтарда жергілікті «Аль-Наср» және «Аль-Хиляль» клубтарымен жолдастық кездесу өткізеді. Содан кейін қайтадан Парижге аттанып кетеді.
Айта кетсек, «Аль-Наср» командасында португалиялық шабуылшы Криштиану Роналду ойын көрсетеді. Ол аталған клубпен өткен жылдың соңында келісім-шартқа қол қойды.
Фото: Getty Images
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.