АСТАНА. ҚазАқпарат – Аргентина құрамасы және «ПСЖ» командасының шабуылшысы Лионель Месси спорттық жолындағы 800-інші голын соқты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сhampionat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Месси клубтар сапында 701, ұлттық құрамада 99 рет мергендік танытты.
Бүгін Аргентина мен Панама құрамалары өзара жолдастық кездесу өткізіп, алаң иелері 2:0 есебімен жеңіске жетті. 89-минутта Лионель Месси матч нүктесін қойды.
Месси Аргентина құрамасына 2005 жылдан бері шақырылып келеді. Содан бері үздік сұрмерген ретінде көзге түсіп, 2022 жылы Қатарда өткен әлем біріншілігінде капитандық тізгінді ұстап, жеңімпаз атанды. Сондай-ақ ол сол біріншіліктің үздік ойыншысы болды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Криштиану Роналдудың бірінші болып ұлттық құраманың ресми матчтарында 100 гол соққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).