Лионель Месси жылдың үздік шабуылшысы атанды

АСТАНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат - Испандық «Барселона» футбол клубының және Аргентина ұлттық құрамасының форварды Лионель Месси 2012 жылдың үздік шабуылшысы атанды, деп хабарлады РосБизнесКонсалтинг.

Бұл тізімді құрастырған Халықаралық футбол тарихы және статистикасы федерациясы (IFFHS),    екінші орынды «Реалдың» форваторы Криштину Роналдуға берді. «Атлетико» шабуылшысы Радамель Фалькао үшінші орынға шықты.

Бұл үштік футболдағы ең беделді жеке награда - «Алтын доп» үшін таласады. Негізгі күрес Месси мен Рональду арасында өтеді деген болжам айтылуда. Соңғысы өткен жылғы марапат тапсыру салтанатында ұйымдастырушыларға, егер келесі жылы «Алтын доп» алмаса, мұндай шараларға қатыспайтынын айтып сес көрсеткен.

Еске сала кетейік, құрама деңгейінде де Месси 2012 жылғы үздік шабуылшы атағына ие болды. «Алтын доптың» үш мәрте иегері 12 гол авторы болды. Екінші орында - Швеция құрамасында ойнап 11 доп соққан Златан Ибрагимович.   

Дегенмен Месси жыл қорытындысы бойынша Аргентинаның үздік спортшысына тапсырылатын «Олимпия-де-Оро» марапатына қол жеткізе алмады. Өтіп бара жатқан жылдағы Аргентинаның үздік спортшысы атағына боксшы Серхио Мартинес ие болды, екінші орынға таэквондо өкілі Лондондағы Олимпиада ойындарында 80 келіге дейінгі салмақта чемпион атанған Себастьян Крисманич шықты. Ал Лионель Месси үшінші орынды қанағат тұтты.