«Кеше ғана жеңіл атлетикадан Ұлттық құрама спортшысы Жанна Мамажанова Роттердамдағы марафонда Қазақстанға Париж Олимпиадасының 32-жолдамасын сыйлады. Бұған дейін өздеріңіз білетіндей ел қоржынында 11 спорт түрінен 31 лицензия болған еді», - деді KAZINFORM тілшісіне Олимпия ойындарына дайындық жөніндегі штаб басшысы Елсияр Қанағатов.
Сонымен қатар штаб басшысы лицензиялар саны бұнымен тоқтап қалмайтынын атап өтті.
«Алда тағы да көптеген жолдамалар сарапқа салынатын жарыстар күтіп тұр. Енді Таилантта бокстан жолдама алмаған боксшыларымыз тағы бір мәрте бағын сынамақ. Күрес түрлерінен де лицензиялық біріншіліктер енді басталады. Дзюдошыларымыз да рейтингтік жарыстарға қатысып жатыр. Бізге алдағы уақытта лицензиялар санын жақсартуға көптеген мүмкіндік берілген жарыстар бар. Сондықтан, жолдамалар саны әлі де толыға түседі деген сенімдеміз», - деді шатб басшысы.
Айта кетсек, осыған дейін қазақстан құрамасы бокстан (ерлер) – 6, нысана көздеу – 5, садақ ату – 4, семсерлесу – 4, тас жолдағы велоспорт – 3, қазіргі бессайыс – 2, таэквондо – 2, бокс (әйелдер) – 1, грек-рим күресі – 1, еркін күрес – 1, спорттық гимнастикадан – 1, батуттағы гимнастика – 1 жолдама жеңіп алған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, Олимпиада ойындарының басталуына да санаулы айлар қалды. Жанкүйерлер тағатсыздана күткен төрт жылдықтың басты спорттық оқиғасы биыл 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Оған әлемнің 205 елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысып, 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.