Литва 2015 жылдың қаңтарынан еуроға көшеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Брюссельде ЕО Кеңесі Литваның 2015 жылдың 1 қаңтарынан еуро аймаққа қосылуы туралы соңғы шешім қабылдады. Бұл аталған елге еуро аймақтың 19-шы мүшесі болуға мүмкіндік береді, деп хабарлады ЕО Кеңесінің баспасөз қызметінен.

Осыған орай Литва Премьер-Министрі Альгирдас Буткявичюс елдің жүйелі іс-әрекеттері өз нәтижесін бергендігін атап өтті. «Бүгін еуро аймақ біздер үшін есігін ашты. Еуроға көшу экономикалық және саяси тұрғыдан дұрыс ойластырылған, ұлттық экономиканың өсіміне серпін беретін стратегиялық қадам болды», - деді ол.

Қазіргі уақытта еуроға қатысты Литваның ұлттық валютасы нақты белгіленген және 1 еуро 3,4528 литті құрайды. Қайта есептеу барысында аталған курс сақталады.

Литва бірыңғай еуропалық валютаға көшу үшін Маастрихт өлшемдерін орындауы тиіс болатын. Яғни, ол үшін Литваның бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 3 пайызынан, мемлекеттік қарыз ЖІӨ-нің 60 пайызынан аспауы тиіс еді. Валюта одағына кіргеннен кейін Литваның орталық банкі еуро аймақтың Орталық банк жүйесіне кіреді. Елдің қаржы институттары еуро аймақтың банктік жүйесімен ықпалдасады және ашық нарықтағы ЕОБ операцияларына қатыса алады.