— 2032 жылдан бастап азаматтарды жаппай әскери қызметке шақыру туралы шешім қабылдадық, – деп мәлімдеді Литва Президенті Гитанас Науседа.
Қазіргі уақытта Литвада әскерге ішінара шақыру жүйесі қолданылады. Жыл сайын 5 мыңнан астам адам мерзімді әскери қызметке алынады. Жалпыға бірдей шақыру тәртібіне көшкенде демографиялық ахуал мен денсаулығына байланысты әскери қызметке жарамсыз жастардың үлесі ескеріліп, жыл сайын шамамен 7,5 мың жігітті әскерге шақыру көзделген. Әйелдер үшін әскери қызмет ерікті түрде жалғасады.
Президент Гитанас Науседаның айтуынша, 2032 жылға дейін әскерге шақырылатындар санын арттыруға қажетті инфрақұрылымды әзірлеп, қосымша нұсқаушылар даярлау жоспарланған. Олардың саны 300-350 адам шамасында болады. Бір нұсқаушыны дайындауға 3-4 жыл қажет.
Бұдан бөлек, Литва әскерге шақырылатын жастарды оқыту мен әскери резервті даярлау ісін қатар алып жүруі керек. Жалпыға бірдей әскери қызметке көшуге дайындық шығыны шамамен 120 млн еуроға бағаланып отыр.
Мемлекеттік қорғаныс кеңесінің отырысында әскери қызметті өтеу бағыттарын кеңейту туралы да шешім қабылданды. Әскерге шақырылғандар дрон басқаруды үйреніп, шекара қызметі мен өрт сөндіру-құтқару бөлімшелеріне көмек көрсете алады.
Литвада мерзімді әскери қызметке ішінара шақыру 2015 жылы қайта жанданды. Ал 2008 жылы міндетті әскери қызмет тоқтатылған еді. Жалпыға бірдей әскери міндетті енгізу туралы шешім өңірдегі қауіпсіздікке төнетін қатерлерді ұзақ мерзімге бағалау нәтижесінде қабылданды. LRT басылымының хабарлауынша, Премьер-министр Миндаугас Синкявичюс үкімет жалпыға бірдей әскери шақыруды ертерек енгізуді көздегенін, алайда әскери мамандар қажетті жағдайларды толық дайындау үшін бұл мерзімді 2032 жылға шегеруді ұсынғанын айтты.
Бұған дейін Литва, Латвия мен Эстония жаяу әскерге қарсы минаға тыйым салу конвенциясынан шыққанын хабарлаған болатынбыз.